|
|
 | |  |
Негізгі бет » 2009 » Желтоқсан » 16 » [16.12.2009.] Ауылына мешіт салдырып берді
[16.12.2009.] Ауылына мешіт салдырып берді | 16:56 | Құрбан айт қарсаңында жер-жерлерде көптеген игі істер атқарылды. Соның бірі ретінде Бәйдібек ауданының Сарқырама елді мекенінде бой көтерген Маханбет Бекейұлы атындағы мешіттің ашылуын айтуға болады. Бұл сәулетті мешітті осы ауылдың тумасы Ержан Бекеев (суретте) өз қаржысына салдырып, ел игілігіне пайдалануға берді. Ержан бауырлары Әділ және Дастанмен бірге Алла үйінің құрылысын бас-аяғы бес-алты айда бітіріп, кілтін жерлестеріне өз қолымен тапсырды. Бұған дейін ауыл тұрғындары үш рет асарлатып мешіт тұрғызбақшы болған-ды. Бірақ басталған іс түрлі себептермен аяқсыз қала берген. Енді, міне, ауылда мешіт бар. Осыған разы болған ауылдастары Ержан мен ағасы Әділге ат мінгізіп, иықтарына шапан шапты. Мешіттің ашылу рәсіміне облысымыздың бас имамы Ахметжан қажы Керімбеков, ҚМДБ Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Асылбек қажы Төлегенов және ауыл тұрғындары қатысты. Жиылған жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтаған Ахметжан қажы мешіттің заңдастырылған лицензиясы мен төлқұжатын Ержанның өтініші бойынша ауыл имамы Жұмабек Бөртебаевқа табыс етті. «Бұл мешіттің жастар үшін мұсылмангершілік және рухани тәрбиелік маңызы зор, – деді өз кезегінде сөз алған Асылбек қажы. – Сондықтан Ержан бауырымызға үлкен алғысымды білдіремін. Осындай істер басқа жерлерде де жалғасын тауып жатса дұрыс болар еді». Ал Ержанның өзі игілікті іс-шара мұнымен шектеліп қалмайтынын айтады. «Мешіт құрылысын Хорезмнен келген ұсталар жүргізді. Төбеге қоятын көк күмбезді де Хорезмнен алдырдық. Қазір Жұмабек отыз ер бала мен он қыз баланы мешіт жанында арабшаға оқытуды бастады, – дейді ол. – Алла бұйыртса, келесі жылы осы жерге медресе салдырып, ауыл жастарының діни сауатын арттырсам деп жоспарлап отырмын. Жастарымыз иманды болса бізге одан артық не қажет?» Көпшіліктің алғысына ие болған Ержан Маханбетұлы мешіт имамын қаладан көшіріп әкелді. Барлық жағдайын жасап қана қоймай, ай сайын өз қалтасынан жалақы төлеп тұратынын білдірді. Мұндай жомарттықты екінің бірі жасай алмаса керек. Біз, ауыл тұрғындары, Ержанға игілікті істерің жалғасын таба берсін, өркенің өсіп, өмірде толағай табыстарға жете бер демекшіміз. Бұл салтанатты жиынның соңы Қызылкөпір елді мекеніндегі «Төсқара» дәмханасында әруақтарға арнап құран бағыштап, ас берумен аяқталды.
Тұрғанбек ШЫНӘСІЛТЕГІ.
Сарқырама ауылы.
Бәйдібек ауданы.
|
|
|
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.
© 2008-2010 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде сілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды
|
|
|
|