Болашақта Алматы қаласында онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға арнайы «хоспис» ашылуы мүмкін. Қалалық денсаулық сақтау департаментінің мәліметтері бойынша, қазіргі кезде тек Алматыда тіркелген 200-ден аса бала осындай арнайы мекемеде ем алуды қажет етеді екен. Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған жиында «Здоровая Азия» қоғамдық қорының өкілдері қалалық денсаулық сақтау департаментімен тізе қосып, балаларға арнайы мекемені ашу мақсатында «Мен сенімен біргемін: Хоспис - балалар үшін» қозғалысын ұйымдастырып отырғандықтарын айтады. Өйткені науқастардың ең қорғансыз тобы - емделуге келмейтін онкоауруларға шалдыққан балалар. Олардың қатерлі дертпен күресуіне барлық жағдайды жасау үшін осындай емдеу мекемесін Алматыда, одан кейін өзге аймақтарда ашу қажет. Хосписте амбулаторлық және стационарлық көмек көрсетілетін болады. Мамандардың айтуынша, қатерлі ісіктің алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастыру арқылы обыр ауруының 40 пайызының алдын алуға болады екен. Ол үшін кез келген адам салауатты өмір салтын ұстанып, шылымнан бас тартып, дер уақытында вакцина салдырып, дұрыс тамақтануы шарт. Бұл дерттің негізгі себептерінің басында - темекі тарту тұр. Шылым шегушілердің жасарып бара жатқаны да балалар арасында қатерлі ісік ауруларының кең таралуына ықпал етуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары, егер жағдай осылай кете берсе, 2015 жылға қарай әлем тек обыр ауруынан 100 миллионға жуық адамнан айырылады деп болжам жасапты. Қазірдің өзінде 400 мыңнан аса әйел қатерлі ісіктің құрбаны болады екен. Қазақстандағы жағдайдың да оңып тұрғаны шамалы. Еліміз бойынша тек жатыр мойны ісігіне шалдыққан 22 мыңнан аса қыз-келіншектер бар екен. Ал қатерлі ісіктің басқа түрлеріне шалдыққандардың санын есептейтін болсақ, жантүршігерлік сандардың шығатыны шындық. Алматы қалалық денсаулық сақтау департаменті директорының медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Роза Қуанышбаеваның айтуынша, Алматы қаласы еліміз бойынша қатерлі ісік ауруы бойынша 5 орында тұр екен. - Емдеу мекемелеріне келетін жандардың 30 пайызында қатерлі ісіктің ең ауыр түрі кездеседі. Соның ішінде сүт безі, тері, асқазан, жатыр мойны рагі көптеп кездеседі, - дейді Роза Тоқтанәліқызы. Азаматтардың медициналық тексеруден өтіп, обырды ерте диагностикалау - аурудан айығып кетудің ең бірінші алғышарты. Мамандар халық өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарап, жылына бір рет тексеруден өтіп тұрса, қатерлі ісікке шалдыққандардың саны біршама төмендер еді дейді. Әсіресе қыз-келіншектерде сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтайтын болса, оны емдеп жазуға мүмкіндік көп. Сондықтан да скринингтік бағдарламаларды іске асырып, жер-жерлерде қыз-келіншектерді тексеруден өткізу қажет. Осы мақсатта «Здоровая Азия» қоғамдық қоры 5 жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігі, «Нұр Отан» ХДП Әлеуметтік кеңес фракциясымен бас біріктіре отырып «Әйел денсаулығы - ұлт денсаулығы» атты кең ауқымды скринингтік бағдарламаны жүзеге асырып келеді екен. Осы бағдарлама аясында 2009 жылдың наурыз бен қазан айлары арасында Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Ақмола облыстары бойынша 17 мыңнан аса әйел тексеруден өтсе, солардың 7834-нен сүт безінің түрлі патологиясы кездескен. Ал 1405 әйелден обыралды аурулары кездесіп, қосымша тексеруден өтуді қажет еткен. Осы сандардан-ақ, Қазақстанда обыр ауруының қаншалықты кең таралып кеткендігін байқауға болатындай. Қоғамдық қор биыл 18 мың әйелді тексеруден өткізіп, оларға өзін-өзі тексерудің тәсілдерін үйретпек. - Бұл қатерлі дертпен күресте халықтың ақпараттану деңгейін көтеру өте маңызды. Бүгінгі күні онкологиялық аурулар ерте анықталған жағдайда сәтті емдеп шығуға мүмкіндік зор. Сондықтан бұл ауруды ерте анықтап, емдеу маңызды. Қазіргі кезде өмірді бес жылға ұзарту деген ұғымнан алыстап, ұзақ өмір сүру мен қатерлі ісікті сәтті емдеуге келуіміз керек. Бұл бір күннің жұмысы емес екендігі белгілі. Ерте диагностикалау мәселесі жыл сайын жетіле түсіп, дамыған елдердің тәжірибесімен алмасу қажет, - дейді онкологиялық сырқаттарды қолдайтын «Здоровая Азия» қорының президенті Нағима Жұмашқызы. Мәжіліс депутаты Айткүл Самақова бұл бағытта мемлекеттік деңгейде үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартады. Өйткені денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы соңғы жылдары 4 есе өскен. «Әйелдер арасында қатерлі ісік ауруларының кең таралуы өте алаңдатарлық жағдай. Осы дерттен қайтыс болатын әйелдердің үштен бір бөлігі - еңбекке қабілетті, бала туатын жастағы қыз-келіншектер. Еуропа елдерінде сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққандарды емдегеннен кейін 5 жыл көлемінде пациенттердің 80 пайызы өмір сүрсе, Қазақстандағы көрсеткіш 50 пайыздың айналасында ғана. Қанша жерден бұл аурулар емдеуге жатады дегенімізбен, статистика көңіл көншітпейтіні көрініп тұр. Өйткені елдің экологиясы мен ауыз су сапасының нашарлығынан бастап, қатерлі ісікке әкеп соғатын себептер өте көп,- дейді халық қалаулысы. Бүгінде диагностикалаудың сапасы жылдан-жылға артып келеді. Диагностика жақсарған сайын, өкінішке орай, статистика да өсіп отырады. «Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлесе жұмыс істеуі жақсы нәтиже береді. Олардың жұмысының нәтижесі - сақтап қалған өмір», - дейді өз сөзінде «Нұр Отан» ХДП Әлеуметтік кеңес фракциясының денсаулық сақтау және демография жөніндегі комиссиясының тең төрағасы Дарья Клебанова. Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне орай, кешелі-бүгін Алматының барлық емханаларында ашық есік күні өтіп жатыр. Онда қыз-келіншектер маммолог, онколог, гинеколог секілді мамандардың қабылдауында болып, кеңес ала алады.
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.