Атылған аналар - 4 Марта 2010 - ҒАЛАМТОРДА ДІНИ САЙТ - жаңалықтар, мақалалар, сұхбат.
Сенбі, 04.Қыркүйек.2010, 06:23
негізгі бет
· RSS
сайт мәзірі
соңғы діни мақалалар
•  Ақидаң дұрыс па? (3)
•  Ақидаң дұрыс па? (2)
•  Ақидаң дұрыс па? (1)
•  "Қазақтың исламы" немесе суфизм
•  Ширктің қауіптілігі
•  Адасқандармен тартысу
•  МӘУЛІТКЕ ҚАТЫСУДЫҢ САУАБЫ МОЛ
•  "Валентин күні" қандай күн?..
сауалнама
Ислам дінінің тамырын қалайша тереңге жаюға болады?
Жауап берілді: 510
 

Негізгі бет » 2010 » Наурыз » 4 » Атылған аналар


Атылған аналар
21:41
Сталиндік нәубет кезінде Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргін көріп, соның 25 мыңнан астамы атылған екен. Сол жазықсыз жазаланып, атылғандардың ішінде нәзік жанды қазақ аналары мен қыздары да болғанын білеміз бе?
Ақмола облысының бұрынғы Малиновка мекені бүгінде Ақмол ауылы аталады. Астана қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан бұл жерде 1937 жылы «АЛЖИР» түрмесі ашылған. «АЛЖИР» атауы - «Акмолинский лагерь жен из­менников Родины» дегеннен шыққан. 2007 жылы Елбасының бастамасымен бұл жерде «Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемо­риал­ды-мұражай кешені ашыл­ған.
1953 жылы жабылғанға дейін АЛЖИР-де 20 мыңдай тұтқын әйелдер отырған деген дерек бар. Оның біразы сол жерде жан тапсырған. Кеңес Одағы бойынша сотталған белгілі азаматтардың әйелдері осы түрмеге қамалған.
АЛЖИР-де болған атақты адамдардың жарларын атасақ: Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза мен енесі Әлиса, Сәкен Сейфул­линнің әйелі Гүлбахрам, Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал, Темірбек Жүргеновтің әйелі Дә­меш, Нығмет Нұрмақовтың әйелі Зұфнун, атақты балерина Майя Плицескаяның анасы Юлия, атақты бард-ақын Булат Окуджава­ның анасы, жазушы Галина Се­ре­брякова, Лениннің сүйікті се­рігі Бухариннің әйелі Анна Ла­­рина, адмирал Кольчактың туыс­тары, маршал Тухачевскийдің екі қарындасы, маршал Блюхердің шешесі, атақты әнші Лидия Русланова. Бұдан басқа да әйгілі ғалымдар мен қоғам қайрат­кер­лерінің әйелдері осы АЛЖИР-де тұтқында болған.
Ал Қарағандыдағы бір мил­лион­дай адам темір тордың ата­ласын ішкен атышулы КАРЛАГ-та және КСРО-ның басқа да түр­мелерінде жапа шеккен, жа­зықсыз жан қиған қаншама қазақ қыздары болды екен десеңші.
Енді атылып кеткен аналары­мыздың ішінде бізге белгілілеріне келейік. Бұл жөнінде Алматы қа­ласы тарихының ғылыми қызмет­кері Мақсат Жақау былай дейді:
- Сталиндік репрессия жылда­рын­да атылған оннан астам қазақ қы­зының бірі - Шонанова Шах­зада Аронқызы. Ол 1903 жылы Сырым ауданында дүниеге келген. Әкесі Арон белгілі қоғам қай­рат­кері, заңгер Бақытжан Қара­таев­тың туған інісі, оқыған, сауатты адам болған. Шыққан тегі мен әлеуметтік жағдайы Шахзаданың болашағына көп қиындықтарын келтірген. 1920 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік уни­вер­си­­ті­нің медицина факультетін бітір­геннен кейін, 1931 жылы Алматы медицина институтына түседі. Бірақ «тап жауының қызы» деген айып тағылып, жоғары оқу орнын тәмамдай алмай кетеді. Алғашқы оқу орнынан шығарып жібер­ген­нен соң, 1922-1926 жылдар аралы­ғында Оралда губерниялық атқару комитетінде іс жүргізуші, Сыр­дария губерниялық партия ко­митетінде нұсқаушы болып қыз­мет атқарады. 1928 жылы Қы­зылордаға ауысып, Халық ағарту комиссариатының мектеп­ке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы болады. 1931 жылы Алматыдағы оқу орнына түсіп, қатаң бақылауда болып, үздіксіз аңду мен қудалауға ұшыраған жас қыз, 1933 жылы оқуды тастауға мәжбүр болған. Сөйтіп, белгілі ғалым, қоғам қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Телжан Шонановқа тұрмысқа шығады. Одан соң Педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы, Ұлттық мәдениет ғылыми- зерттеу институтында кіші ғы­лыми қызметкер, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қыз­меткер, бастауыш және орта мек­теп бөлімінің ғалым-хатшысы, әдіскер-кеңесші болып қызмет атқарады.
1936 жылы қызметтен еріксіз босаған Шахзада ҚазМУ-дің био­логия факультетіне оқуға түседі. Сұм билік оны да аяқтатпайды. 1937 жылы қисынсыз жала жабы­лып, «халық жауы» атанған Шах­зада саяси қуғын-сүргін құрба­ны­на айналады. Осылайша ол 1938 жылдың 9 наурызында Алматы түрмесінде атылады. Сотсыз үш­тік­тің өкімі осылай орындалады.
Шахзада Аронқызы Шонанова - педагог-әдіскер, өткен ғасыр­дың 30-жылдардағы қазақ инте­л­ли­генциясының көрнекті өкілі, сталиндік репрессия жылдарында атылған оннан астам қазақ қы­зының бірі. Өкінішке қарай, жа­зық­сыз құрбан болған апалары­мыздың қай жерге жерленгені осы уақытқа дейін белгісіз болып отыр.
Қазақ жерінде атылған алты әйелдің бірі - Торғай Қиқымқызы Сүлейменова. Бұл жөнінде, Қор­ғал­жын мемлекеттік қорығының бұрынғы директоры Сайдалы Мә­женұлы Сүлейменов былай деп еске алады.
«Әкем - Мәжен Сүлейменұлы 1894 жылы, анам - Торғай Қи­қымқызы Сүлейменова 1904 жылы Нұра ауданының «Көк­мөл­дір» деген жерінде дүниеге келеді. Әкем 1937 жылдың сәуірінде «Ша­хаман» деген колхозда ауылдық Кеңестің төрағасы, ал анам осы колхоздың басқарма төрайымы болып қызмет атқарады. Екеуі де жастайынан Кеңес өкіметін ба­рынша жақтап, азаттық жолында ат жалын тартып жүрді. 1932-33- жылдардағы ақсирақ аштықтан аман қалған елдің басын бірік­тіріп, «Шахаман» атты колхоздың іргетасын көтеріп, бірі - ауылдық Кеңестің төрағасы, бірі - бас­қар­ма төрайымы болып сайланады.
Дегенмен 1937 жылдың нау­рыз айының ортасында түнде үй­дің есігін сартылдата қағып, өң­кей қара киінген бір топ жендеттер сау етіп, үйге кіріп келеді. Үй ішін тінтіп, астан-кестеңін шығарады. Қарындасымыз екеуміз әжемнің қолтығына тығылумен аңырап қалдық. Әкем мен шешемді қара киген адамдар сыртқа сүйреп бара жатты. Содан бері, «Шахаман» кол­хозында тұрғанымызда үйі­мізге тірі жан басын сұғып кірген емес. Жазықсыз әке-шешеме «ха­лық жауы» атты нақақтан жабыл­ған жала өмір-бақи қыр соңы­мыз­дан қалмай қойды.
Біраз жылдар артқа салып, әкем мен шешемнің тағдыры бей­мәлім күйінше қалды. Кейін із­деу­ге өтініш білдіріп, мұрағат құ­жат­тарымен танысуға рұқсат алдым.
- Қағаз-қаламдарыңызды мын­да қойыңыз, құжаттарды оқып шығыңыз, - деген орыс әйелі, сәлден соң, бір сарғайған папканы маған ұстатты. Папканы ашып қалғанда, бірден көзіме оқтай қадалған мынау еді:
«Мәжен мен Торғай Сүлей­ме­нов­тер 1937 жылы наурыз-сәуір ай­ларында тұтқындалған. Ерлі-зайыпты. 1937 жылы 10 тамызда үштіктің шешімімен ең жоғарғы жаза - ату жазасына кесілді. 1937 жылы 21 тамызда үкім орын­далды»...
Одан әрі Сайдалы ағамыздың қандай күйде болғанын жүрегіңіз ұғып отырған болар.
Жоғарыдағы «АЛЖИР» түрме­сін­де болған әйелдердің қал­дырған естеліктеріне бажайлап қарасаңыз, нәзік жандылардың темір торда жандарына батқан ең басты нәрсе - түрмедегі таза­лық­тың жоқтығы болғанын бай­қай­сыз. Биттеп кетпеуі үшін әйелдер шаштарын алюмин қасықпен (қайдағы қайшы) кесуге мәжбүр болған. Тұтқындарды алғаш ла­герь­ге әкелгенде, бірден су бол­сын, болмасын, ұзын кори­дор­дың бойымен еркектердің көзінше моншаға тыр жалаңаш аттан­дыр­ған. Ең сұмдығы, лагерь бас­шы­лары мен жендет күзетшілердің түрмедегі әйелдерді жаппай зор­лауының етек алғандығы. Оны 15 жылдың ішінде (1938-1953) түрме қабырғасында 1507 сәбидің дүние есігін ашқаны да айғақтап тұр. 1942 жылы соғыстың қайнап жатқан шағында АЛЖИР-де 50 әйелді атып тастаған көрінеді. Оның ішінде қызыл комис­сар­лардың зорлауына көнбегендері үшін жан қиғандары да болған.
Тұтқында болған әйелдердің тағдырларын сараптай келе, біз нәзік жандылардың ерен ерлігіне, төзімділігі мен ержүректігіне тәнті боламыз. Сондай адам төз­гісіз сұмдық қапаста жүріп те тағ­дырдың бастарына салған сы­на­ғына өрлікпен қарсы тұрып қана қоймай, әйел баласына тән нә­зіктігін сақтап, ұсақ тұрмыстық проб­лемаларды шеше білгендері қайран қалдырмай қоймайды. Әйел адам үшін лагерь тұрмы­сын­да жүзеге асыру мүмкін емес ги­гие­на мен ұқыптылықтың қанша­лық­ты маңызды екенін мына бір де­тальдан да байқайсыз: ол заман­ның әйелдерінің көбісі ұзын шаш­тарын тұтқында жүріп те қырқуға қимай, онсыз да өлшеммен бері­летін тапшы суды шаштарын жуу үшін үнемдеп жинап отырған. Айына бір рет моншаға баратын болғандықтан, сол болмашы суды қыстыгүні бастары мен киім­дерін жуу үшін соншалықты қа­сық­тап жинағандары қайран қал­дырады.
Қазіргі әйелдер дәл сол тұт­қындағы аналардың орнында бол­са, адам төзгісіз қапастағы тұр­мыс­тық қолайсыздықтарға төзе алмас еді. Осындай ауыр жүкті аяғына дейін қайыспай көтерумен бірге, әйелге тән нәзіктіктерін сақтап қалған сол бір қара нардай қазақ аналарының қайсарлығы-ай десеңші...
Біз саяси репрессия тұсында өздерін ерлікпен ұстай білген ана­ларымызға терең құрмет сезімін білдіреміз. Олардың ерлік рухы із-түзсіз кетпек емес. Біз оларды мақтан тұтамыз, олар соған та­тыр­лық іс қылды.

Төреғали ТӘШЕНОВ

"Айқын" газеті
Категориясы: Өзекті мәселе.... | Көрілді: 479 | Ендірген: IslamCom_Kz | Рейтингі: 1.0/1 | Материалды бағалау:
Барлық пікірлер: 0


Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.


© 2008-2010 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде сілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды
жарнама орныңыз
жаңалықтар күнтізбесі
«  Наурыз 2010  »
ДсСсСрБсЖмСбЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031
кіру / тіркелу
Логині:
Құпия сөз:
іздеу
© Расулуллаһ.Кз
САНАҚ


Бүгінгі зияратшылар: nuka_89_02-12, aika_bk, Baxa_2220, bokin, Abdu_S

Соңғы тіркелген қолданушыға сәлем: Abdu_S

Сайтта тіркелгендер
Барлығы: 3130
Осы ай ішінде: 70
Осы апта ішінде: 20
Кеше: 8
Бүгін: 0