Халыққа қызмет көрсететін мекемелерге мамандар алу кезінде оларға неге мемлекеттік тілді білу талабы қойылмайды, әлде бұл шенеуніктердің немқұрайдылығы ма? Мырзакелді КЕМЕЛ, қоғам қайраткері: - Бұл мәселе қазір Астанада өте өзекті мәселелер қатарында. Себебі қазір мұнда ауылдан келген қазақтар, қазақ тілділер өте көп. Орыс тілін білмейтін шеттен келген қандастарымыз бар. Сондықтан халыққа қызмет көрсету орындарындағы қызметкерлердің қазақ тілін білуі тиіс. Ол үшін, ең алдымен «Тіл туралы» заңға «Халыққа қызмет ететін мекеме қызметкерлері қазақ тілін білуі шарт» деген бап енгізілуі керек. Ал билік органдары мен әртүрлі мекеме басшылары «заң жоқ» деп қарап отырмай, мемлекеттік тілге қатысты мәселелерді өздері шешуі керек, қандайда бір қаулылармен, бұйрықтармен реттеп отыруы тиіс. Олар маманды қызметке алу барысында ол маманның қазақ тілін білуі бірінші талап болуға тиіс. Ал бізде қалай? Әр басшы қызметке өзі қалаған адамын - туған-туысын, тамыр-танысын алады. Шындап келгенде, қазақ тіліне деген талап жай сөз болып қала береді. Мамай АХЕТ, Алматы қаласы әкімдігі «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының директоры: - Себебі мемлекеттік тілді қоғам тарапынан, азаматтар тарапынан талап ету бәсең. Яғни тұтынушы арнайы мекемеде отырған маманның қазақ тілінде қызмет көрсетуін көп жағдайда талап ете бермейді. Қазақ тілділердің барлығы дерлік орыс тілін білетіндіктен, орыс тілінде көрсетілген қызметке қалыпты жағдай ретінде қарайды. Ђйткені олардың басты мақсаты - қай тілде болса да, өз жұмысын бітіру. Халық тарапынан талап әлсіз болғандықтан, мемлекеттік тілде қызмет көрсету де баяу. Дегенмен күн өткен сайын халыққа қызмет ететін мекемелерде мемлекеттік тілді дұрыс жолға қоюға деген талпыныс бар. Бұл, әсіресе, ЦОН-дар мен банк мекемелерінде байқалады. Ал зейнетақы қорларында мемлекеттік тілге деген немқұрайдылық әлі де белең алып тұр. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, негізінен, сұранысқа байланысты. Ең бастысы, халық өзінің заңдық құқығын, яғни өзіне қолайлы тілде қызмет көрсетуді талап етуі керек және оны ешқандай дау-дамайсыз, сауатты түрде талап ете білу керек. Қоғамда мемлекеттік тілге, ұлттық құндылықтарға деген талап пен сұраныс артса, мекемелер де соған лайық қызмет ететін болады. Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, қоғам қайраткері: - Бүгінде білікті маман мәселесі, кадр мәселесі өте қиын мәселелер қатарында. Мәселен, халыққа қызмет ететін мекемелерде жоғары білімді адамдар жұмыс жасауы қажет. Олар өте сауатты болуы керек, олардың юриспруденциядан хабары болу керек, түрлі заңдарды білуі керек деген сияқты. Ал ондай мамандардың басым көпшілігі орысшаға бейімделген. Бұл - бір. Халыққа қызмет көрсету мекемелеріндегі қызметкерлердің айлық жалақысы өте төмен. 30-40 мың теңге айлық беретін жерге кім барады? Жоғары білімді, сауатты адамдар бармайды. Бұл - екі. Қазақ тілін өз деңгейінде талап етуді мектептен бастау керек. Орыс мектептерінде қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесіне лайық оқытылмайды. Үлкен қалаларда орыс тілділердің саны басым екенін мойындауымыз керек. Мұны «үш» деп қойыңыз. Ең бастысы, адамда патриоттық сезім болу керек. Қазақ тіліне деген талап күшейген сайын, сұраныс артқан сайын, әр мекемеде қазақ тілді мамандар да көбейеді. http://www.aikyn.kz/
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.