| Аса мейрімді, ерекше қамқор Аллахтың атмен бастаймын! … Табиғаттың әсемдігіне тамсанып, ой жетегінде келе жатырмын. Далада орын алып жатқан көріністер Ұлы жаратушының барының айғағы емес пе?! Аллах тағаланың шексіз мейірімін сезінген соң, айналадағы адамдарға да мейірлене қарайсың. Іштей өзімді өмірдегі ең бақытты жандардың біріндей сезініп, аспан әлеміне саяхат жасап жүргендей күйде келемін… Сол кезде мені, екі орыс ұлтының өкілдері көңілді әңгімелері елең еткізді. Қолдарындағы мұқабасы түрлі-түсті суреттермен безендірілген кітапшалары да қызықтыра бастады. Соны байқаған болуы керек маған жақындап келіп, кітапшаларының құнды екендігін, бақытқа жетудің бір жолын тек осы кітаптан ғана таба алатынымды түсіндіріп жатты. Бұл жайында толық білгің келсе, хабарлас деп, өздерінің мекен-жайын айтты. Келістім. Жексенбінің жақындауын асыға күттім. Ислам дінінен артық қандай дін болуы мүмкін? – деген ой ұйқы бермеді. Әлгі екі әйел, жиналыстың қазақ тілінде өтетіндігін де қадап айтқан болатын. Сол күннен бастап, «Неге?» -деген сұрақтар, миыма орнап алды. Сонда ғана адам баласының физикалық тұрғыдан шаршауынан гөрі, рухани әлсіреуі қиын екендігін түсіндім. Сонымен мен асыға күткен жексенбі де келіп жетті. Таңғы сағат 11-лер шамасында Алматының бөктерінде орналасқан Көк төбеге бет алдым. Өйткені, Иоговалардың жиналысы сонда өтеді екен. Көктөбені жақсы білгенмен, өз бағытымды айқындай алмадым. Жол-жөнекей біраз адамдардан жөн сұрадым. Бірі шошына жауап берсе, бірі тіпті жолаған жоқ. Иә, адамдардың бәрі қорқады. Неден қорқатынын өздері де білмейді. Әйтеуір «Аш құлаққа тыныш құлақ» – деп, ат тондарын ала қашатындар саны күн өткен сайын көбейіп келеді емес пе?! Сандалып жүріп әрең таптым. Көктөбенің нағыз әсем жерінде орналасқан екен. Пайымдауымша, қонақ үйдің жартысын жалдап алған көрінеді. Өйткені, сыртында «Қонақ үй» деген жазуы ілініп тұр. Ішке кіріп келе жатқанымда, алдымнан қара папка ұстаған аласа бойлы, шашын артқа сәндеп тараған, бет-әлпеті келісті ер азамат шықты. Ол кісіден де жөн сұрадым. Сөйтсем, «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» – демекші, әлгі азамат Иогова өкілінің мүшесі болып шықты. Одан қалса, дәріс береді екен. Қуанғанымнан не үшін келгенімді айтып бердім. Ол кісі де жылы жүзбен қарсы алып, маған біраз кітапшаларды ұсынды. Кешігіп келген тәріздімін. Жиналыстың аяқталған екен. Бірақ, кездестірген азаматтан жиналыстың әр жексенбі сайын өтетіндігін біліп алдым. Бүгінгі ойға алған жоспарымның іске аспай қалғанына іштей құнжыла кері қайттым. Жаныма таныс жүзді бір кісі келіп тұрғандай болды. Қарасам, манағы ағай екен. Көлік күтіп тұрған уақытта, біраз діни тақырыптарда әңгіме өрбіттік. Сөз арасында әлгі азаматтың: «Мұхамед (с.ғ.с) пайғамбар өз қызымен төсек қатынасында болған… » – деген пікірі мені шошытып жіберді. Не дерімді білмей қатты састым. Сол аралықта көзімнен еріксіз жаста шығып кетті… Демократиялық болуды мақсат еткен бүгінгі қоғамда әрбір азаматтың жеке көзқарасы мен пікіріне құрметпен қараймыз. Десек те, өз дінін насихаттаймын деп, өзге дінге жала жабуға бола ма екен?! Ол кісінің қандай дәлелмен айтқандығын түсіне алмадым. Өзге елден ағылып келіп жатқан ағымдарға тоқтау қоймасақ, дінімізден бездіріп, өзге діннің жетегіне еріксіз қосақтап жіберетін жаңағындай азаматтар ештеңеден тайынбайды. Діни сауаты жоқ кез-келген адамға әлгіндей сөздер жиіркеніш тудырып, өз дінінен бас тартуына алып келетінін, пиғылы бұзықтар жақсы біледі. Сондықтан да, еш дерексіз жалған айыптауларды жәй ғана пенде емес, Пайғамбарымыздың үстіне де қорықпай аудара салады. Сол есеңгіреп тұрған бойда қала бердім… … «Шешінген судан тайынбас» – дегендей, келесі жексенбіні тағы күттім. Иогованың бағыт-бағдарын, ой-түсінігін білгім келді. Міне, Жексенбіге қараған түні ерте демалуға асықтым. Өйткені, мен үшін ертеңгі күн үлкен жауапкершілік артып тұрғандай сезілді. Таңғы 10:00 – да басталатын жиналысқа сағат 09:30-да келіп алдым. Халық жиналып жатты. Барлығы да қазақтың қаракөздері. Таң қалдым. Бір-бірімен ана тілімізде амандасып жатты. Жиналған жұртпен 3- қабатқа мен де көтерілдім. Жиналысты әнмен бастады. Есімде мына шумақтар ғана қалыпты: «Иогова – біздің жәрдемшісің… Иогова – біздің көмекшісің…» Бірі жылап жатыр, бірі болса, теңселіп тұр. Дәрменсіз бір күй кештім. Аяқ-қолым дірілдеп, өзімді басқа бір әлемде адасып жүргендей, сол жерде біржола қалып қоятындай сезіндім. Іштей «қайдан келдім» деп ойлап қоямын. Біраздан кейін уылдаған-шуылдаған дауыстар бәсеңдеді. Әннен кейін сұрақ-жауап болады екен. Яғни, кәдімгі мектеп оқушыларынан сабақ сұрағандай, бір нәрселерді сұрап жатыр. Мені қатты қынжылтқаны 14 жастағы сүп-сүйкімді қаракөз қызымыздың таппақ айтқандай, тақылдап Иогова жайында баяндап бергені. Жүрегім қан жылады. Түсініксіз оқиғалар, түсініксіз әңгімелер мені қатты шаршатты… Оларды адасқандар деуге де қимадым. Сол жердегі қазақтың қара көздерін жамандауға аузым да, арым да бармайды. Жылаған бойда есіктен шығып, кете бардым… Біз қашанғы біреудің ыңғайына қарап өмір сүреміз? Шындықты айтудан, ақиқаттан неге қорқамыз?! Неге өз дінімізді өзіміз қорғап қала алмаймыз?! Неге мұсылман дінін қабылдағандарға шошына қараймыз?!.. http://bahaj.wordpress.com
|