Жаңа жылды қарсы аларда Шымкент қаласындағы «Ордабасы» алаңына шырша орнатылды. Бұл көптеген шымкенттіктерді ойландырып тастады. Себебі мерекелік шырша Қаттани мешітіне таяу жерде болатын. Сондықтан да «Алаңға келген мас адамдар мешітке су іздеп кіріп кетпесіне кім кепіл, кейбіреулер мешітке қаратып отшашу атпай ма?» дегендер кездесті. Ал Жаңа жыл мерекесінде аталмыш жерде әлгіндей жайттар орын алды ма?
Біз «Ордабасы» алаңына 31-желтоқсан күні кешкі сағат 17.00 шамасында барған едік. Бұл кезде шырша айналасында топырлаған адамдар жүрді. Алаңда Қаттани мешітінен шыққан уағыздың дауысы жаңғырып тұрды. Оны естіп риза болдық. Өйткені әшейінде мешіттегі уағыз тек жұма күні түс мезгілінде ғана айтылатын.
Аталмыш алаңға ертеңінен түсте және кешке барғанымызда да солай болды, яғни дауыс күшейткіш арқылы уағыз айтылып жатты. Ал 3-қаңтар күні біз мешітке кіріп, Берік есімді кезекші имамды сөзге тарттық.
«Шынымды айтсам, мешіт алдындағы алаңға шырша орнатылғаны маған ұнамады, – дейді Берік. – Мереке қызған шақта мешіт жұмысына зияны тимесе екен деп ойладық. Сөйтіп, 31-желтоқсан күні таңертеңнен түнгі сағат 23.00-ге дейін уағыз таспасын қосып қойдық. Сондықтан ба, өздеріңіз көріп отырсыздар, арақ ішіп алып, улап-шулап жүргендер алаңға келмеді. Бәлкім бірлі-жарым ішімдік ішкендер келген шығар. Бірақ алаңнан артық-ауыс мінез көрсеткендер байқалмады. Мешітімізге де масаң адамдар кірмеді, мазамызды алмады. Барлығы да тыныш өтті. Ал ішпегендердің көбісі мешітімізге келіп, уағыз тыңдап, бұл ісімізге алғысын білдіріп жатты. Міне, бүгін уағыз таспасын дауыс зорайтқышпен күні бойы қосып жатқанымызға төртінші тәулік болды. Бұл ісіміз 13-қаңтарға дейін жалғасуы мүмкін. Себебі адамдар мерекелік шыршаға сол күнге дейін де келіп жатуы ықтимал».
Иә, Берік айтқандай Жаңа жыл мерекесінде «Ордабасы» алаңында қоғамдық тәртіп бұзып жүргендер кездеспеді. Мешіт жанындағы тамақ сатылған орындарда да көпшілік арақ ішпеді. Себебі уағыз айтылып жатқан жерде ішімдік ішуге ыңғайсызданған болар.
Аталмыш мерекеде әл-Фараби алаңына барғанымызда онда жүрген масаң адамдарды кездестірдік. Кәуәп, палау сатылған орындарда ішімдік ішіп отырғандарды көрдік. Осындағы Сағын есімді таныс сатушы: «Әр Жаңа жылда осы жерге келіп жасырып арақ сатамын. Жылдан-жылға арақ алушылар қатары азайып барады. Былтыр ішкен таныс адамдар келесі жылы молда болып келіп тұрады. Биыл саудам онша болмады»,– деді.
Шынында да осы Жаңа жыл мерекесінде ата-аналардың көбі балаларын түрлі аттракциондарда ойнатып жатты. Ал олар көшпелі аттракциондар болатын. Оны алып жүргендер кавказдықтарға ұқсайды. Жылда келетін олар мұнан бұрын Грузиядан келгендерін айтатын. Осы жолы да сөйлесуден қашып, өздерін «Қарағандыдан келдік», – деді. Бізге олар қайдан келсе де бәрібір ғой. Тек осындай көшпелі аттракциондар өзімізде болмай, шеттен келетіні ойландырады.
Қысқасы, биылғы Жаңа жыл мерекесінде біз осындай ерекшеліктерді аңғардық. Бізді жұрттың мәдениетке, иманға мойын бұрғаны қуантты. http://www.zamana.kz/
Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.