Жаратқан Гаитиді неге жылатты? - 29 Января 2010 - ҒАЛАМТОРДА ДІНИ САЙТ - жаңалықтар, мақалалар, сұхбат.
Сенбі, 04.Қыркүйек.2010, 08:24
негізгі бет
· RSS
сайт мәзірі
соңғы діни мақалалар
•  Ақидаң дұрыс па? (3)
•  Ақидаң дұрыс па? (2)
•  Ақидаң дұрыс па? (1)
•  "Қазақтың исламы" немесе суфизм
•  Ширктің қауіптілігі
•  Адасқандармен тартысу
•  МӘУЛІТКЕ ҚАТЫСУДЫҢ САУАБЫ МОЛ
•  "Валентин күні" қандай күн?..
сауалнама
Мешітке жиі барасыз ба?
Жауап берілді: 330
 

Негізгі бет » 2010 » Қаңтар » 29 » Жаратқан Гаитиді неге жылатты?


Жаратқан Гаитиді неге жылатты?
09:24
Себепсіз ештеңе жоқ. Өздігінен ештеңе пайда болмайды. Бүгінде көптеген елдер табиғи апаттар: жер сілкіну мен цунамиден зардап шегіп отыр. «Бұл не, Алланың шірік жасаған күнәһар адамдарға ес жиғызып, тәртіпке салу үшін тарттырған азабы ма?» деген сұрақтың кім-кімді де мазалары анық. Оңтүстік Шығыс Азия курорттарындағы белең алған азғындық, Таиландтағы әлемге әйгілі «секс-турлар», яғни ата-аналарының күнкөріс үшін бүлдіршін қыз балаларын жезөкшелікке өз қолымен байлап беруі сынды сұмдықтар текке кеткен жоқ.
Қасиетті Құранда айтылатындай, Алла Тағала ауыр күнәға салынған бұзақы елдердің кейбіреуін жерге жұтқызған, кейбіреуін топан суға қарық қылған. Мәселен, Лұт пайғамбар қауымының адам айтқысыз азғындық әрекеттері үшін алған жазасы қасиетті кітаптарда егжей-тегжейлі баяндалған.
Ежелгі грек ойшылы Арис­тотель: «Мемлекетті Құдай жара­тады, ал оны сақтау адамдардың қолында» - депті. Халықтың, әсі­ресе, әр елдің діндарлары ара­сын­да жақында жер сілкінуден зардап шеккен Гаити жұртының тыйым салуларды бұзғаны үшін Құдайдың қаһарына ұшырағандығы туралы пікірлер кең таралып жатыр. Осы­дан он күн бұрын Мәскеу және бүкіл Ресей патриархы Ки­рилл Қазақстанға келді. Орыс право­слав шіркеуінің басшысы Абай атындағы Опера және балет театрын­да сөйлеген сөзінде: «он миллион халқы бар Гаити тұр­ғын­дары Құдайдың заңын бұзғаны үшін жер сілкінуінен тиісті азабын тартты» - деді (Гаитиде 200 мың адам қаза тауып, 250 мың адам жа­ра­ланып, 3 миллион адам үйсіз қал­ғаны белгілі). «Бақытсыз ел! Ке­­зінде француздардың коло­ния­сы болып тұрғанда, ол жерде ең сұм­дық түрмелер болған. Оған Фран­циядан тұтқындарды жіберіп отыр­ған. Бұл соңғы жүз жылда Құ­дайдың есінен тарс шығып кеткен әлемнің бір қуысы болатын. Бос­тандық алған соң да, бұл аралдағы ел саяси жағынан тұрақсыз, қыл­мыс пен жемқорлық, жезөкшелік пен нашақорлық дендеген, ең кедей, экономикасы күйреген қал­пында қалды. Бір аралды теңдей бөлісіп отырған құдайы көршісі Доминикан Республикасы сияқты дами алмады. Ақыры ниет-пи­ғылы бұзылғандықтан, Құдайдың жіберген ауыр жазасын тартты» - деді орыс дінбасы Кирилл. Сөй­тіп, Патриарх қазақтың кеңпейіл қонақжайлығын, мейірімділігін үлгі тұтып, «табиғи зілзала ай­ма­ғында тұрса да, қауіпті жер сіл­кінуден аман-сау келе жатқан, Құдайдың нұры түскен ел» - деп мадақтап кетті.
Гаитидің астанасы Порт-о-Пренсте жалғыз мешіт бар екен, қасындағы үйлер жермен-жексен болғанда, әлгі мешіт қабырғасына сызат та түспепті. Сөйтіп, мешіт қазір жаралы адамдар мен үйсіз-күйсіз қалғандарға пана болып тұр­ғанын әлемдік баспасөз жа­рыса жазып жатыр. Атақты амери­калық телеуағыздаушы Пэт Робер­сон діни телеканал эфирінде гаи­тиліктерді малғұнмен келіссөз жүргізгендері үшін айыптады. «Бір кезде Гаити Францияның қол астында болды. Наполеонның кезінде олардың басшылары мал­ғұн­мен келіссөз жүргізіп, егер ібі­ліс Франциядан бостандық әпер­се, тұтас халқын шайтанға та­­­бын­дыруға уәде еткен» - деді ол. Бұл оның басына қара түнек орнағандарға жаны ашығаны ма, жоқ әлде табалағаны ма? Не десек те, Гаити - тұрғындарының тең жартысы табынатын Вуду дінінің (шайтанға шоқынғандар) басты орталығы. Бір көңіл аударарлығы, Америкадағы тасқын су тегіс қарап еткен Жаңа Орлеан тұр­ғын­дары да тегіс осы культке табынған екен.
2004 жылы 26 желтоқсанда Ин­донезия жағалауында, буддистер мен индуистар мекендейтін Шри-Ланке, Суматра аралдарында, Таи­ланд жағалауында болған алапат цунамиді еске түсірелік. Нұқ пай­ғамбардың кезінде болған тасқын суды еске түсіретін осы дүлей топан бір мезетте 300 мың адам­ның өмірін қиып кетті. БҰҰ-ның есебі бойынша, бұл соңғы 100 жылда болған ең ірі табиғи апат деп есептелді. Спутниктен түсіріл­ген сол сұмдық көріністе жағалауға ұмтылған таудай толқынның кес­кінінен араб жазуындағы «Аллаһ» сөзін оқуға болатынын бүкіл әлем көрді.
Гаитиге қайта оралайық. Ға­лымдар Гаитидегі зұлматты 1755 жылы Португалияның астанасы Лиссабонда болған жер сілкінісі­мен салыстырып отыр. Ол кезде Лиссабонда жер сілкінудің аяғы алапат өртпен, сұмдық су тас­қы­нымен ұласып, соның салдарынан бір миллиондай адам өлген. Әри­не, Гаитидегідей тұтас қаланы тып-типыл еткен мұндай қасіретті Құдай басқа салмасын! Есі ауған сауатсыз халықтың ас-ауқатқа таласа-тармасып, бетімен кеткен ұры-қарылардың аман қалған дүние-мүлікке сумаңдата қол салып, «бүлінгеннен бүлдіргі ал­маны» ұмытып, бір-бірін тірідей талап жатқан сан түрлі сора­қы­лығына әлем жұрты куә болды. Халқына қорған болады деген ел президенті жатар орын таппай, ел-жұртын тастап, басы ауған жа­ғына қашып кетті. Америкалық әскерлердің тәртіп орнату үшін қара тобырды амалсыз оққа бай­лап жатқанын «көк жәшіктен» көзі­міз көрді. Қасіреттің көкесі - осы! Жалпы, Гаитидің тағдыр-талайы о бастан-ақ теріс қалып­та­сыпты. XVII ғасырда «Алтын іздеушілер» жергілікті үндістерді тегіс бауыздап тастаған. Сөйтіп, жаулаушылар аралға Африкадан ондаған мың жабайы негрлерді әкеп қоныстандырған. 1804 жылы сан түрлі қырғындардан соң құл­дар жеңіске жетіп, бірнеше күнде негрлер 100 мың ақ адамдар мен мулаттарды қырып тастаған. Гаи­тидің қаралы тарихын көктей шолып шықсаңыз, осы күнге дейін бұл елдің бірде-бір басшысы өз ажалынан өлмепті. Бәрін де өз халқы өлтірген, тірідей өртеген, кескілеп, етін бөлшектеп, жан түршігер азаппен жанын алған. Одан аман қалған басшылары өз­дері өздерін өлтірген. Бір сөзбен айтқанда, бұзылған ел! Адамдарды ақылынан адастырып, зомбиға айналдыру белең алған. Малдың бауыздау қанын шімірікпей ішетін қансорғыштар (вампирлер) қап­таған. 2004 жылы бұл елде «Кан­нибалдар армиясы» (адамже­гіштар) пайда болған. Олар жур­­на­листерге берген сұхбатында діни-магиялық рәсімдерде адам етін жейтіндіктерін мойындаған. Не керек, бұл елді Құдай жөнге салмаса, адам баласы тура жолға сала алмады. Испандықтар мен француздар да, бертінде өз алдына мемлекет құрып берген амери­калықтар да жабайылық жайлаған қорқынышты аралға өркениет пен демократия әкеле алған жоқ. Тірідей адам жейтін қанішер­лер­ден қорқып, христиан мис­сио­нер­лері қатыгез аралдан тезірек бас сауғалауға мәжбүр болды. 1860 жылы Ватикан Гаитиге католик дінін зорлықпен таратуға күш салды, бірақ тұмшаланған қараң­ғы­лықты сейілте алмады. Себебі Вуду культі елдің арнайы дініне әлдеқашан айналып кеткен-ді. Тұтас мемлекеттің ресми діні шай­тан­ға шоқыну болды (Бұл культті ұстанатындар әлемде 50 миллион адам деп есептеледі). Аяғы жақ­сылыққа апармады. Ауыр жазасын тартты. Құдайдың құдіретіне қара­ңыз, бір аралдың екінші жағын­дағы католик дінін ұстанатын Доминикан Республикасы аман-сау қалды да, шайтанға шоқынған, жексұрын кесапатпен шұғыл­дан­ған Гаити сұмдық қасіретке, Алланың қаһарлы азабына душар болды. Міне, тура осы жағдай әлем­дік діндарларды да, ғалым­дарды да шындап ойландырып тастады.
Адамдар табиғатпен және бір-бірімен гармониялық келісімде өмір сүрген жағдайда ғана қоғам­дағы зұлымдықтардың, табиғи апаттардың жолы кесілуі мүмкін. Өйткені адамдардың ниет-пиғы­лы бұзылып, қатыгездік, бұза­қы­лық, агрессия ұлғайған жерде зілзала, эпидемия, цунами, т.б. зобалаңдар көрініс беретінін бұл күнде әлем ғалымдары тегіс мо­йындаған. «Қайсы елде бұзықтық пайда болып, олар оны ашық түр­де жасай беретін болса, олардың арасында оба және өздерінен бұрынғыларда болмаған ауру пайда болады» - депті Пайғам­ба­рымыз. Ендеше, табиғи апаттар мен қоғамдағы зобалаңдардың бо­луының басты себебі - адамдар­дың жаратылған гармониялық заң­дылықтары бұзылғандығынан, қара ниеттің басым болған­ды­ғынан. Әйтпесе жер сілкінуі жайдан-жай бола салмайды.
Дөңгеленген қара жердің дін аман тұрғандығы жақсы-жай­саң­дардың дұғасының арқасында делінеді. Сол үшін иман жо­лындағы адамдар неғұрлым көп болса, солар халықтың басына төн­гелі тұрған қауіп-қатерге қор­ған болмақ екен...

Төреғали ТӘШЕН
"Айқын" Республикалық қоғамдық - саяси газеті






Категориясы: Әлем жаңалықтары | Көрілді: 699 | Ендірген: janbolat | Рейтингі: 5.0/2 | Материалды бағалау:
Барлық пікірлер: 1
01.Ақпан.2010
1. Аbdulla (abdrahman)
Астағфирулла, мына сөйлемнен
Quote
Оған Фран­циядан тұтқындарды жіберіп отыр­ған. ....

кейін тұрған сөз қандай әділетсіз, осындай да сөз болады ма екен!!!
Аллаһ тағаланың сипатында ұмытушылық жоқ, мақаланы тексеріп барып жазыңыздарсайшы!!!

[пікірдің сілтемесі]


Дінислам.Кз сайты - сайтта жарияланған мақалалар мен жаңалықтарға байланысты жазылған адамдардың көзқарасы мен ой-пікірлерінің жауапкершілігін жүктемейді.


© 2008-2010 Діни-танымдық сайт. [Абу Ханифа мазхабы бойынша]
Сайттағы мәліметтерді жариялаған кезде сілтеме жасалуы тиіс
Сұхбаттағы (форум), шәйханадағы (чат) жазулар мен сайттағы білдірілген пікірлер сайт көзқарасы болып саналмайды
жарнама орныңыз
жаңалықтар күнтізбесі
«  Қаңтар 2010  »
ДсСсСрБсЖмСбЖк
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
кіру / тіркелу
Логині:
Құпия сөз:
іздеу
© Расулуллаһ.Кз
САНАҚ


Бүгінгі зияратшылар: nuka_89_02-12, aika_bk, Baxa_2220, bokin, xamza2007, Abdu_S

Соңғы тіркелген қолданушыға сәлем: Abdu_S

Сайтта тіркелгендер
Барлығы: 3130
Осы ай ішінде: 70
Осы апта ішінде: 20
Кеше: 8
Бүгін: 0